
«Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында сенбілік өтті
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында бүгін Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасының аумағында кезекті сенбілік ұйымдастырылды.
Аталған бастама елімізде қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында қолға алынған.
Бұл науқан тек бір реттік шара емес, әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды құндылық ретінде қарастырылады.
Көктемнің шуақты күнінде өткен сенбілік барысында аурухана қызметкерлері аумақты толықтай ретке келтіріп, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, жиналған қоқыс шығарылды, аула мен жаяу жүргінші жолдары тазартылды, жасыл желек аймақтары ретке келтірілді, ағаштар әктеліп, айналасы абаттандырылды, гүл егуге арналған орындар дайындалды.
Көктемгі сенбіліктің басты ерекшелігі – табиғаттың жаңару кезеңімен қатар, айналаны көркейту, жасыл аймақтарды күтіп-баптау және жаңа өмірге серпін беру. Мұндай жұмыстар қаланың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, ұжымдық бірлікті нығайтып, туған ортаға деген жанашырлықты арттырады.
Тазалық – әркімнің өзінен басталатынын ұғынған аурухана ұжымы бұл игі іске белсене атсалысып, ортақ іске өз үлесін қосты.


