
Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасында қабылдау бөлімі, клиникалық-диагностикалық бөлім және реанимация бөлімінің медицина қызметкерлеріне арналған Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) алдын алу және оған күдік туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмі бойынша оқыту семинары өтті.
Семинар барысында дәрігер-эпидемиолог Зульфия Еламанова КҚГҚ бойынша қазіргі эпидемиологиялық жағдай, аурудың клиникалық белгілері, жұғу жолдары және медицина қызметкерлерін инфекциядан қорғау шаралары туралы ақпарат берді.
Іс-шарада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына тән белгілерді ерте анықтау, эпидемиологиялық анамнезді дұрыс жинау, пациентті оқшаулау, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, аса қауіпті инфекция анықталған кездегі жедел хабарлау тәртібі мен стационардағы індетке қарсы іс-шараны ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинарға қатысушылар күдікті жағдай анықталған кездегі іс-қимыл алгоритмін талқылап, инфекциялық бақылау мен биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша білімін жетілдірді.
Мұндай оқыту іс-шаралары медицина қызметкерлерінің аса қауіпті инфекцияға қатысты қырағылығын арттырып, пациенттер мен медицина персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.






