№1 ҚКА-да деменциясы бар адамдардың жақындарына арналған дөңгелек үстел өтті

2026 жылғы қарашаның 11-інде Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасында Альцгеймер ауруына және деменцияның басқа да түріне шалдыққан адамдардың жақындарына арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке аурулары кафедрасы мен Қазақстандық Альцгеймер ауруы және деменция альянсы ұйымдастырды.

«Қамқорлық мектебі» бағдарламасы аясында невролог мамандар деменцияның түрлері, алғашқы белгілері, ерте диагностикалау және күтім ерекшеліктері туралы ақпарат берді.

Баяндамашылар қатарында:
– Роза Нуржанова – медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор;
– Радмила Цой – PhD, қауымдастырылған профессор;
– Нурмухамед Мамашаев – кафедра ассистенті.

Сондай-ақ үй жағдайында қауіпсіз орта қалыптастыру, жақын адаммен дұрыс қарым-қатынас орнату және оның дербестігін мүмкіндігінше сақтау мәселелері талқыланды.

Кездесуде Альцгеймер ауруына шалдыққан анасына сегіз жылдан астам уақыт күтім жасап келе жатқан Альфия Сармаш өз тәжірибесін бөлісіп, күтім жасайтын отбасы мүшелеріне психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.

Бұдан бөлек, есте сақтау қабілеті бұзылған адамдарға арналған Jasaru Club жобасы мен деменциясы бар адамдардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған Saqtag технологиялық бастамасы таныстырылды.

Кездесуге 20-дан астам адам қатысты. Қатысушылар мұндай ағартушылық шаралардың маңызын атап өтіп, оларды тұрақты өткізудің қажет екенін жеткізді.

№1 ҚКА халықтың медициналық сауаттығын арттыруға, пациенттер мен олардың жақындарын қолдауға және медициналық қауымдастық пен қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайды.

№1 ҚКА-да деменциясы бар адамдардың жақындарына арналған дөңгелек үстел өтті