Алматыда Қазақстан мен Ресейдің жетекші сарапшыларының қатысуымен гемостазиология жөніндегі халықаралық конференция өтті

2025 жылғы сәуірдің 29-ында Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасында «Акушерлік, гинекология және неонатологиядағы гемостазиология. Заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара Гемостаз мектебі аясында ұйымдастырылып, оған акушер-гинекологтар, неонатологтар, анестезиологтар, гематологтар және зертханалық диагностика мамандары қатысты.

Конференция Гемостаз мектебі атты білім беру жобасының бір бөлігі ретінде өткізілді. Жобаның мақсаты – медицина қызметкерлерінің біліктігін арттырып, клиникалық практикаға заманауи коагулологиялық тәсілдерді енгізу. Перинаталдық көмектегі дәлелді медицинаны және көпбейінді өзара іс-қимылды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.

Ұйымдастырушылар: Зертханалық медицина және сараптама қауымдастығы, ILAB100+ медициналық зертханасы, Мәскеу қаласындағы Коагулология жөніндегі ақпараттық орталық, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі (ҚДСЖМ) және Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасы.

Коференцияны сәлем сөзімен ҚР ҰҒА академигі, «PERSONA» репродуктология халықаралық клиникалық орталығының директоры Вячеслав Локшин; ҚДСЖМ клиникалық қызмет жөніндегі проректоры, м.ғ.д., профессор Ауесхан Жұмабеков; Зертханалық медицина қауымдастығының президенті Райхан Мамырова және №1 қалалық клиникалық аурухананың директоры, PhD докторы Магрипа Бапаева бастап берді.
№1 ҚКА директоры Магрипа Бапаева өз сөзінде:
«Гемостаз – өмір мен өлім арасындағы шекара. Сіздердің біліміңіз диагностика, емдеу және алдын алу салаларында жаңа көкжиектерді ашады. Бұл конференция ғылым мен адам игілігі жолындағы жаңа жетістіктерге серпін болсын!», – деп атап өтті.

Конференцияда 15 баяндамашы жүктілік мен жаңа туған сәбидегі гемостаз бұзылыстарын диагностикалау мен түзету, тромботикалық асқынуды емдеу, гепаринмен индукцияланған тромбоцитопения, жүктіліктің үзілу себептері, антикоагулянттық терапияны зертханалық бақылау мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ тромбодинамика және жаңа бақылау материалдарын қолдану сияқты заманауи зертханалық әдістерге ерекше көңіл бөлінді.

Конференция спикерлері – Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандары:
– Александр Куликов (Ресей) – профессор, м.ғ.д., РФ Денсаулық сақтау министрлігінің Свердлов облысы бойынша сарапшысы;
– Тамара Алиева (Қазақстан) – м.ғ.д., жоғары санатты акушер-гинеколог;
– Әлия Қосанова (Қазақстан) – м.ғ.д., гематолог, Caspian University профессоры;
– Аяш Байсултанова (Қазақстан) – м.ғ.к., ҚДСЖМ терапия кафедрасының меңгерушісі;
– Арон Берковский (Ресей) – б.ғ.к., биохимик, гематология кеңесшісі;
– Сергей Бабенко (Ресей) – м.ғ.к., акушер-гинеколог, эпидемиолог;
– Андрей Мельников (Ресей) – м.ғ.к., 200-ден астам ғылыми жарияланым авторы;
– Павел Свирин (Ресей) – гематолог, 150-ден астам мақала және 4 монография авторы;
– Ахметжан Сугралиев (Қазақстан) – м.ғ.д., С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры;
– Татьяна Вуймо (Ресей) – б.ғ.к., Ресей ҒА фармакология орталығының зерттеушісі;
– Олег Соловьев (Ресей) – м.ғ.к., клиникалық фармаколог;
– Ирина Тян (Қазақстан) – жоғары санатты акушер-гинеколог;
– Гульнара Акшалова (Қазақстан) – ILAB100+ зертханасының стратегиялық даму жөніндегі директоры, Орталық Азия зертханалық диагностика бірлестігінің вице-президенті;
– Ирина Гурвиц (Ресей) – биохимик, «Гемофилиямен ауыратын науқастар қоғамының» ғылыми қызметкері.

Конференция гемостаз бұзылыстарын, әсіресе акушерлік тәжірибеде, дер кезінде анықтаудың маңызын атап көрсетті. Өйткені бұл – ана мен баланың өміріне тікелей әсер ететін фактор. Қатысушылар ғылыми мазмұнның жоғары деңгейін, тақырыптардың өзектілігін және ұйымдастыру сапасын атап өтті. Барлық қатысушыға сертификат табысталды.

Алматыда Қазақстан мен Ресейдің жетекші сарапшыларының қатысуымен гемостазиология жөніндегі халықаралық конференция өтті