Алматыда пульмонология, гастроэнтерология және аллергология бойынша құзырет орталықтары құрылады

Алматыда аллергиялық және тыныс алу ағзаларының созылмалы ауруы жиілеп келеді. Осыған байланысты №1 қалалық клиникалық аурухана базасында аллергология, пульмонология және гастроэнтерология бағыттары бойынша құзырет орталықтарын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама халық денсаулығын қорғау жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие, ал №1 ҚКА аталған бейін бойынша қаладағы жалғыз мамандандырылған медициналық ұйым болып саналады.

Мәселен, өткен жылы №1 ҚКА-да аллергия диагнозымен 1 926 пациент ем қабылдаған. Дәрігерлер ауруханаға жатқызылған науқас санының айтарлықтай артқанын атап өтеді: 2024 жылы бейінді бөлімшеде аллергиямен емделгендер саны шамамен екі есе аз болып, 927 адамды құраған.

Аталған дерек Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде №1 қалалық клиникалық аурухананың директоры Магрипа Бапаева тарапынан жарияланып, стационар қызметінің қорытындысы таныстырылды.

Бір жыл ішінде №1 ҚКА қабылдау бөліміне 26 059 адам жүгінген. Оның шамамен 15 мыңы жедел аллергиялық реакциямен, ал 3 мыңға жуығы тыныс алу ағзаларының ауруымен түскен. Барлық пациент ауыр жағдайда, шұғыл медициналық көмек пен стационарлық емдеуді қажет етіп, жедел тәртіппен жеткізілген. Госпитализация құрылымында жас және орта жастағы әйелдер үлесі басым.

Аллергология, пульмонология және гастроэнтерология бойынша құзырет орталықтары қаланың барлық медициналық ұйымына әдістемелік сүйемелдеу көрсетеді. Бұл пациенттерді бағыттаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, көпбейінді стационар мен емханалық қызметте заманауи тәсілді кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Алматының әр ауданында сапалы мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімдігі артады.

Аллергология бойынша құзырет орталығы аллергиялық ауруларды ерте анықтауға, аллергодиагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге, асқыну мен ауруханаға жатқызу санын азайтуға, сондай-ақ пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады.

Тиімдіктің негізгі көрсеткіші ретінде мамандандырылған медициналық көмекпен қамтудың артуы, жедел аллергиялық жағдайдың азаюы және созылмалы аллергиялық ауруды бақылаудың жақсаруы айқындалады.

Ал пульмонология бойынша құзырет орталығы бронх демікпесі (соның ішінде ауыр түрлері), өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА), өкпенің интерстициалды аурулары, постковидтік жағдай және тыныс жеткіліксіздігі сияқты дерт кезінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге бағытталады. Мұнда клиникалық хаттамалар енгізіліп, консультативтік қолдау көрсетіледі әрі күрделі клиникалық жағдай сүйемелденеді. Қызмет тиімдігі ауыр асқыну мен өлім-жітім деңгейінің төмендеуі, стационарда емделу мерзімінің қысқаруы және ауру барысы бақыланатын пациенттер үлесінің артуы арқылы бағаланады.

Клиника жұмысы жөніндегі есепті тыңдай келе, Марат Пашимов екі апталық мерзімде қаланың аллергологиялық, пульмонологиялық және гастроэнтерологиялық қызметтерін дамытуға арналған жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл халықты, әсіресе терапиялық бейін бойынша, жоғары білікті медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған медициналық ұйым базасында Алматы үшін бірегей бейінді бөлімшелер: 30 төсек-орындық аллергология бөлімшесі, жалпы сыйымдығы 100 төсек-орынды құрайтын үш пульмонология бөлімшесі, сондай-ақ қалада баламасы жоқ оңалту бөлімшелері (90 төсек-орын) мен торакалдық хирургия бөлімшесі (15 төсек-орын) жұмыс істейді.
Стационардың жалпы төсек қоры – 425 төсек-орын.

2025 жылы ауруханаға 16 198 пациент жатқызылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,5 пайызға артқан.

Кеңес конструктивті диалог форматында өтті. Онда Марат Пашимов пульмонология, аллергология және торакалдық хирургия бөлімшесі меңгерушілерінің есебін тыңдап, сондай-ақ үш оңалту бөлімшесінің жұмысын талқылады.

Құзырет орталықтарын құру – Алматыда респираторлық және аллергиялық аурулардың алдын алу мен емдеуді күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама қала тұрғындарының денсаулығын нығайтып, медициналық көмектің тиімдігін арттыруға жол ашады.

Алматыда пульмонология, гастроэнтерология және аллергология бойынша құзырет орталықтары құрылады

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *