
Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасының торакалды хирургия бөлімшесінде пневмоторакспен асқынған оң жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің алып буллезді эмфиземасы диагнозы қойылған 60 жастағы науқасқа күрделі ота жасалды.
Науқас ақпанның 18-інде кеудедегі қатты ауырсыну және ентігу шағымдарымен ауруханаға түскен. Отаға дейінгі мұқият дайындықтан кейін, ақпанның 20-сында, хирургтер тобы өкпе буллаларын бейнеторакоскопиялық кесу және тігу, өкпеқап қуысын Бюлау бойынша білте қою әдісімен отаны жүзеге асырды.
Заманауи хирургиялық тәсіл мен дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында отадан кейінгі кезең асқынусыз, оң динамикамен өтті. Науқас қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
№1 ҚКА торакалды бөлімшесінің меңгерушісі Нұрхат Жүнісов бұл аурудың ауыр зардаптары туралы ескертеді:
«Алып буллезді эмфизема кезінде өкпе тінінде ірі ауа қуыстары (буллалар) пайда болып, қалыпты газ алмасу үдерісін бұзады. Науқас ентігу, кеудедегі ауырсынуды сезінеді. Булла жарылса, пневмоторакске әкеледі – бұл кезде ауа өкпеқап қуысына шығып, өкпе коллапсына себеп болады. Уақытында хирургиялық араласу жүргізілмесе, науқаста қайталанатын пневмоторакс, прогрессивті тыныс жеткіліксіздігі дамуы мүмкін. Біз заманауи, шағын инвазивті әдістерді қолдана отырып, науқастың өмір сапасын тез қалпына келтіруге мүмкіндік жасаймыз».
№1 ҚКА кеуде қуысы ағзаларының ауруы бар пациенттерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетеді. Заманауи технология мен жеке тәсіл әрбір науқастың сауығуына мүмкіндік береді.