Инсульт пен инфарктан кейінгі оңалту – сауығуға апарар жолдың ажырамас бөлігі

Инсульт пен инфарктан кейінгі оңалту – қосымша шара емес, толыққанды қалпына келуді қамтамасыз ететін міндетті кезең. Бұл туралы Алматы қаласының штаттан тыс бас реабилитологы, №1 қалалық клиникалық аурухананың нейрооңалту бөлімшесінің меңгерушісі Сейданова Амина Багдатовна айтып берді.

«Оңалту медицинасында көп жылдық тәжірибесі бар маман ретінде мынаны атап өткім келеді: жіті жағдайды емдеу – тек алғашқы қадам. Инсульт не инфарктан кейін пациент қозғалыс белсендігінің, сөйлеудің, жадтың бұзылуы және эмоционалды күйзеліс сияқты ауыр салдармен бетпе-бет келеді. Инсульт – тек пациенттің ғана емес, бүкіл отбасының қайғысы, өйткені бұл дерт өмірдің әдеттегі ырғағын түбегейлі өзгертеді», – дейді Амина Сейданова.

Маманның айтуынша, қалпына келтіру емі үш негізгі қағидатты ұстанғанда ғана тиімді болады:
1. Ерте бастау. Оңалту неғұрлым ерте басталса, қалпына келу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Инсульт пен инфаркт жағдайында алғашқы алты ай – «алтын терезе» деп аталатын аса маңызды кезең болып саналады.

2. Мультидисциплинарлық тәсіл. Яғни дәрігер-реабилитолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, эрготерапевт, нейропсихолог, логопед, массажист, физиотерапевт және басқа да мамандардан құралған топтың үйлесімді жұмысы.

3. Үздіксіздік. Тек жүйелі және дәйекті көзқарас қана ұзақ мерзімді әрі тұрақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Өкінішке қарай, көптеген науқас ауруханадан шыққаннан кейін оңалту курсын жалғастырмай үйіне оралады. Бұл – ең жиі кездесетін әрі, өкінішке қарай, аса қауіпті қателіктің бірі. Тиісті қалпына келтіру емінсіз инсульт немесе инфарктың қайталану қаупі айтарлықтай артады, ал белсенді әлеуметтік және кәсіби өмірге оралу мүмкіндігі төмендейді», – деп ескертеді дәрігер.

Амина Сейданова ең маңызды шара – алдын алу екенін атап өтті. Дегенмен, егер инфаркт немесе инсульт орын алса, екінші кезең – дер кезінде басталған, кешенді және кәсіби түрде ұйымдастырылған оңалту – аса маңызды рөлге ие болады.

«Өзіңізді және жақындарыңызды күтіңіз. Алғашқы белгілерге мұқият болыңыз. Қалпына келтіру кезеңін назардан тыс қалдырмаңыз. Біз, мамандар, Сізге толыққанды өмірге қайта оралуыңызға көмектесу үшін қызмет етеміз», – деп түйіндеді Алматы қаласының штаттан тыс бас реабилитологы.

Инсульт пен инфарктан кейінгі оңалту – сауығуға апарар жолдың ажырамас бөлігі

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *