
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында жедел жәрдем қызметі мен Алматы №1 қалалық клиникалық аурухана мамандарының үйлесімді әрекеті адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Түнгі уақытта жедел жәрдемге ес-түссіз жатқан әйел туралы шақырту түсті. Науқастың жағдайы аса ауыр болды.
Оқиға орнына дәрігер Қадырбай Төребек, фельдшер Тынбас Абай және жүргізуші Естемесов Есілден құралған бригада жедел жетті.
Антибиотик егілгеннен кейін 33 жастағы әйелде ауыр аллергиялық реакция дамып, клиникалық өлім белгілері байқалған.
Бригада дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастады. Уақытпен санаса әрекет еткен мамандар науқастың тыныс-тіршілігін қайта қалпына келтірді.
Алдын ала қойылған диагноз – анафилаксиялық шок. Осыдан кейін науқас №1 ҚКА-ға жеткізілді.
Аурухананың қабылдау бөлімінде дәрігер-терапевт Мадина Джунусбекова науқасты қарап, жансақтау бөліміне жолдады.
Кезекші реаниматологтар Елдос Қойшыманов пен Сабира Қуаныш шокқа қарсы емді жалғастырып, науқастың жағдайын тұрақтандырды.
Кейін науқас дәрігерлердің бақылауында болып, жағдайы жақсарды.
Науқас жедел жәрдем қызметі мен аурухана мамандарына дер кезінде көрсеткен көмегі мен кәсіби білігі үшін алғыс білдірді.
Бұл оқиға адам өмірін сақтап қалуда медициналық көмектің әр кезеңі маңызды екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.






