
Клиникалық жағдай: өкпені заманауи оңалту әдістері жалғыз өкпемен өмір сүретін пациенттің жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Бұл клиникалық жағдай Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасында өткен өкпені оңалту бойынша ғылыми-тәжірибелік семинарда тыныс алу жүйесінің ауыр сырқаты бар пациенттерді емдеу мен оңалтудың заманауи тәсілдерін таныстыру мақсатында ұсынылды.
№1 ҚКА-ға тынысы тарылып, дене қызуы көтеріліп, жөтелі күшейген жас пациент шұғыл жеткізілді. Тексеру барысында айқын тыныс жеткіліксіздігі анықталып, қосымша оттегісіз қандағы оттегінің қанығу деңгейі небәрі 88-90 пайыз болды.
Пациент бала кезінен өкпенің туа біткен даму ақауымен өмір сүрген. Туберкулезден ем алған, кейін тыныс алу жүйесінің созылмалы сырқатына байланысты ұзақ жылдар бойы мамандардың бақылауында болған.
2022 жылы №1 ҚКА мамандары оған сол жақ өкпені алып тастау бойынша күрделі ота жасады. Содан бері тыныс алу қызметін жалғыз оң өкпе атқарып келеді.
Бұл жолы науқастың жағдайын жалғыз өкпеде дамыған ауыр полисегментті пневмония асқындырды. Дәрігерлер бірден кешенді ем бастап, оттегімен емдеу, дәрі-дәрмек терапиясы және заманауи жабдықты пайдалана отырып өкпені оңалту шараларын жүргізді.
Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде пациенттің жағдайы тұрақтанып, тыныс алу қызметі жақсарды. Кейін ол амбулаториялық емін жалғастыру үшін үйіне шығарылды.
Бұл клиникалық жағдай өкпені оңалтудың тыныс алу жүйесінің ауыр сырқаты бар пациенттерді емдеудің ажырамас бөлігі екенін және заманауи әдістердің сауығу үдерісін едәуір жақсартатынын айқын көрсетті.


