Алматыда №1 қалалық клиникалық аурухананың Даңқ аллеясы ашылды

Алматыда №1 қалалық клиникалық аурухананың Даңқ аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Даңқ аллеясы – осы аурухананың қалыптасып, дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтардың есімін ұлықтап, еңбегін кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында ашылған тағзым орны. Іс-шара ұзақ жылдар бойы аурухананы басқарған, денсаулық сақтау ісінің көрнекті ұйымдастырушысы Есентай Бөдесұлы Тәжиевтің дүниеден өткеніне 100 күн толуына орай ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, медицина қауымдастығының өкілдері, Есентай Бөдесұлының туған-туыстары мен жақындары және аурухана ұжымы қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Марат Пашимов Даңқ аллеясы аурухананың ғана емес, тұтас денсаулық сақтау саласының өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі екенін айтты.

«Бүгін біз Даңқ аллеясының алғашқы кезеңін ел игілігіне ұсынып отырмыз. Бұл – №1 қалалық клиникалық ауруханасын әр жылдары басқарған, медицина ұйымының өсіп-өркендеуіне және денсаулық сақтау жүйесінің дамуына зор үлес қосқан бас дәрігерлердің есімін ұлықтауға арналған игі істің бастауы», – деді Марат Пашимов.

Даңқ аллеясында алғаш болып 1983 жылы аурухананың ашылуына қолдау көрсеткен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың, аурухананың тұңғыш бас дәрігері Асылхан Мұхамедиярұлы Мамаевтың және Есентай Бөдесұлы Тәжиевтің есімдері мәңгілікке таңбаланды.

Салтанатты рәсім барысында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов пен Есентай Бөдесұлының отбасы атынан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Әзімхан Сатыбалды Даңқ аллеясының символдық лентасын қиды.

Даңқ аллеясы алдағы уақытта да толықтырыла береді. №1 қалалық клиникалық ауруханасының тарихында он бір бас дәрігер қызмет атқарған. Олардың әрқайсының аурухана дамуына қосқан еңбегі лайықты бағаланып, есімі кезең-кезеңімен Даңқ аллеясынан орын алмақшы.

 

Алматыда №1 қалалық клиникалық аурухананың Даңқ аллеясы ашылды