
28 шілде – Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күніне орай Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасында пациенттер арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында мамандар созылмалы В, С және D вирустық гепатиттері туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұл аурулар бауырдың созылмалы қабынуына әкеліп, ұзақ уақыт бойы ешбір белгісіз өтуі мүмкін. Уақтылы анықталып, емделмеген жағдайда бауыр циррозы мен обырының дамуына себеп болуы ықтимал.
Пациенттер арасында гепатит туралы кең таралған жаңсақ пікірлер түсіндірілді:
❌ Миф 1. Гепатит құшақтасу, қол алысу немесе ортақ ыдыс арқылы жұғады.
✅ Шындық: В және С гепатиттері тек қан арқылы беріледі. Тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұқпайды.
❌ Миф 2. Ештеңе ауырмаса, гепатит жоқ деген сөз.
✅ Шындық: Ауру жылдар бойы еш белгі бермеуі мүмкін. Оны тек зертханалық тексеру арқылы анықтауға болады.
❌ Миф 3. Созылмалы гепатит – үкім.
✅ Шындық: В гепатитін тиімді бақылауда ұстауға болады, ал С гепатиті көп жағдайда толық емделеді.
❌ Миф 4. Гепатитпен тек зиянды әдеттері бар адамдар ғана ауырады.
✅ Шындық: Жұқтырылған қанмен байланыс, стерильді емес құралдарды пайдалану немесе В гепатиті кезінде қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы кез келген адам жұқтыруы мүмкін.
❌ Миф 5. Гепатиттен қорғану мүмкін емес.
✅ Шындық: В гепатитіне қарсы тиімді вакцина бар. Сонымен қатар тек стерильді құралдарды пайдалану және уақтылы тексеруден өту маңызды.
Ерте диагностика мен дер кезінде басталған ем бауыр саулығын сақтауға мүмкіндік береді. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп тұрыңыз.



