№1 ҚКА неврология саласындағы халықаралық кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналды

№1 қалалық клиникалық ауруханада Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің неврология кафедрасының меңгерушісі, Башқұртстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неврологы, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Мансұр Әмірұлы Құтлыбаевтың дәрісі өтті.

Кездесуге аурухананың дәрігер-неврологтері, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оқытушылары мен резиденттері қатысып, іс-шара кәсіби тәжірибе бөлісудің мазмұнды алаңына айналды.

Дәріс барысында полинейропатияны анықтау және оны бір-бірінен ажырату жолдары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар бүгінгі неврологиядағы күрделі әрі өзекті тақырыптың бірі – сенсорлық ганглиопатия мәселесі жан-жақты талқыланды.

Профессор шеткері жүйке жүйесі ауруларының белгілеріне, диагноз қою барысында ұстанатын жүйелі қадамдарға, нейрофизиологиялық зерттеу нәтижелерін дұрыс пайымдауға және науқасты жүргізудің бүгінгі тәсілдеріне тоқталды.

Клиникалық жағдайды талдау арқылы өрбіген дәріс қатысушылардың қызығушылығын оятып, тәжірибеде қолдануға болатын нақты мазмұнымен құнды болды.

Мұндай тағылымды кездесулер дәрігерлердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, әріптестік байланысты нығайтуға және озық тәжірибені күнделікті жұмысқа енгізуге жол ашады.

№1 ҚКА неврология саласындағы халықаралық кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналды