RU KZ EN

Жүкті әйелдерді індеттен емдеудің жөні бөлек

img

Аяғы ауыр әйелді коронавирус инфекциясынан емдейтін кезде құрсағында нәресте бар екенін бір сәтке де ұмытуға болмайды. Бұл ретте елімізде індет жұқтырған жүкті әйелдерді емдеу үшін қандай жағдай жасалып отыр?

Ақпанның алғашқы күнінде Алматыда індет айтарлықтай азайғанын айта кету керек. Мәселен, 1 ақпанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1 037 болса, бір күн бұрын 31 қаңтарда 1 556 адамнан індет табылған еді. Жалпы, өткен айда эпидемиялық ахуал нашарлағандықтан, жүк­ті әйелдердің еміне ерекше көңіл бөлініп, №1 қалалық клиникалық ауруханасында 20 қаңтардан бастап жұқпалы акушерлік блок ашылды.

«Жұқпалы акушерлік бөлім індет жұқ­ты­рып алған аяғы ауыр және жас босанған әйелдерге қызмет көрсетеді. Арнайы блок 80 төсектік орынмен жабдықталған. Оның ішінде ересектердің 8 реанимация төсегі мен жаңа туған нәрестелерге арналған 6 реанимациялық кереует қойылған бөлек акушерлік операция бөлмесі бар. Босану бөлімшесін жабдықтап, қамтамасыз етуге Алматыдағы барлық перзентхана мен көпсалалы аурухана көмек көрсетті», дейді №1 қалалық клиникалық аурухананың басқарма төрағасы – бас дәрігері Эрнест Қалиев.

Стационарда компьютерлік томография, ультрадыбыстық диагностика, спирография жүргізіледі. Жұқпалы акушерлік блок аурухананың орталықтандырылған медициналық оттегімен қамтамасыз етілген.

Қысқасы, індет жұқтырған жүкті әйелдер мен олардың жаңа туған нәрестелері медицина мамандарының ерекше күтіміне мұқтаж болғандықтан, акушерлік бөлімше қандай жағдай болса да көмек беруге бейімделіп отыр.

Жұқпалы акушерлік бөлімшесінің басшысы Сәуле Қабылова да Алматы қаласының перзентханалар мен қалалық денсаулық сақтау мекемесі 3-деңгейлі перинаталдық көмек ұйымдастыруға барлық жағынан кө­мекке келгенін айтады. Бұл, әсіресе, COVID-19 жұқтырған жүкті әйелдердің ден­сау­­лығына байланысты қосымша мәсе­ле­лер туындаған кезде аса маңызды.

Дәрігерлер өз тәжірибелерінде коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдің басқа аяғы ауыр әйелдермен салыстырғанда жағдайы күрделі және COVID-19 ауыр түрлерінің даму қаупі жоғары болатынын біледі. Оның үстіне індетке шалдыққан аяғы ауыр әйелдер ай-күні толмай жатып босануы әбден мүмкін екенін де назарда ұстау керек.