RU KZ EN

Алматы қаласы №1 қалалық клиникалық аурухана ұжымы көктемгі Наурыз мерекесін тойлауда

img

Наурыз мейрамын тойлау аясында Алматының Наурызбай ауданында ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді. Киіз үйлер тігіліп, дәстүрлі тағамдардан мерекелік дастархандар жасалып, жергілікті өнерпаздардың концерті, шоу-бағдарламалар өтуде.

Айта кетейік, соңғы екі жыл бойына Covid-19 індетіне байланысты қазақстандықтар Наурыз мейрамын кең көлемде тойлай алмай келді. Ал, амалсыз ұзақ үзілістен кейін биылғы жылы жарқын да ұлық Наурыз мерекесін тойлаудың өзі үлкен бақыт!

Наурызбай ауданындағы Наурыз-мейрамын тойлауға № 1 қалалық клиникалық аурухана да белсене атсалысты.

Емхана әкімшілігі мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырысты: «Руханият» символикалық атауы бар әсем киіз үй, ұлттық киім киген аурухана қызметкерлері қонақтарды мерекелік көңіл-күймен қарсы алып, ұлттық тағамдар – көже, қымыз, шұбат, бауырсақ, қуырдақ, қазы тағы басқа қазақтың тағамдары қойылған мерекелік дастарханға шақырды. Наурызбай ауданының аға буын өкілдері арнайы шақырылған құрметті қонақтар болды.

Аурухана ұжымы көктемнің келуін,табиғаттың жаңаруын, көктемгі күн мен түннің теңелуі, жаңа жылдың басын бейнелейтін «Бастаңғы» сахналық қойылымын дайындады. Клиника қызметкерлерінің орындауындағы музыкалық нөмірлер мерекенің сәнін келтірді, дарынды медициналық қызметкерлер кәсіби өнерпаздардан еш кем түспеді.

Осының барлығы мерекелік шараға қатысатын ұйымдардың арасынан үздіктерді таңдау бойынша «Ұлыстың ұлы күні» байқауының комиссия мүшелерін бей-жай қалдырмады. №1 қалалық клиникалық аурухана жүлделі 2 орынмен марапатталды!