Орны толмас қаза: Есентай Тажиев

Алматы №1 қалалық клиникалық аурухана ұжымының жүрегінде Тәжиев Есентай Бөдесұлының жарқын бейнесі мен адамдық болмысы терең сағынышпен сақталады. Ол – медицина саласына бар ғұмырын арнап, ел денсаулығы үшін аянбай еңбек еткен дәрігер, көрнекті ұйымдастырушы, парасатты басшы еді.

1986-1996 жылдары Есентай Бөдесұлы Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасын басқарды. Бұл кезең мекеме үшін үлкен жаңғыру мен кәсіби өсу уақыты болды.

Оның жетекшілігімен аурухана қарапайым қалалық стационардан заманауи талаптарға сай келетін клиника деңгейіне көтерілді. Осы жылдары медициналық көмектің сапасын арттыруға, жаңа технологияны енгізуге негіз болған берік жүйе қалыптасты.

Оның бастамасымен сол уақыт үшін озық саналатын диагностикалық және емдік әдістер тәжірибеге енгізіле бастады. Әсіресе жоғары технологиялы хирургия, тамыр хирургиясы бағыттары дамып, шағын инвазивті емдеу тәсілдері жолға қойылды. Бұл кейінгі кәсіби дамуға берік негіз қалады.

Есентай Бөдесұлы ең алдымен ұжым бірлігін жоғары бағалады. Ол адамдарды ортақ мақсатқа ұйыстыра білді, жас мамандарды тәрбиелеп, өз тәжірибесі мен білімін аянбай бөлісті. Соның нәтижесінде аурухана білікті мамандар мектебіне айналды.

Клиникалық және басқарушылық қызметпен қатар, ол денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, қоғамдық істерге белсене араласып, жауапты қызметтерді қатар атқарды. Ісіне адалдығы, ұстанымынан айнымайтын табандылығы әріптестері мен замандастарының зор құрметіне ие етті.

Тәжиев Есентай Бөдесұлы – өз ісінің шынайы жанашыры, жаңашыл дәрігер, өнегелі ұстаз ретінде ел жадында сақталады. Оның өмір жолы – кейінгі буынға бағыт берер тағылым.

Алматы №1 қалалық клиникалық аурухана ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып, шын жүректен көңіл айтады.

Орны толмас қаза: Есентай Тажиев