№1 қалалық клиникалық ауруханада деменция туралы хабардарлық күні өтті

23.09.2026 ж. Медицина қызметкерлерін, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін және деменциясы бар адамдардың туыстарын біріктірген Деменция туралы хабардарлық күні өтті.

Іс-шараны С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке аурулары кафедрасы ұйымдастырып, №1 ҚКА, Қазақстанның Альцгеймер ауруы және деменция жөніндегі альянсы (KA&DA), №7 ҚКА, Қазақстан Республикасы Неврологтар қауымдастығы және ҚазҰМУ Зальцман атындағы психиатрия және наркология кафедрасы қолдау көрсетті.

Іс-шараны №1 ҚКА директорының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының магистрі Жанбырбаев Сұлтан Жанбырбаевич ашты.

Жиында С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс неврологы Туруспекова Салтанат Туруспекқызы және Alzheimer’s Disease International (ADI) ұйымының бас атқарушы директорының міндетін атқарушы Chris Lynch құттықтау сөз сөйледі.

Бағдарлама аясында деменцияны ерте анықтау, диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдері, мінез-құлық және психологиялық белгілер, пациентті медициналық ұйымдар арасында бағыттау, жақындарына қолдау көрсету, құқықтық мәселелер және дәрі-дәрмексіз көмек көрсету тәсілдері талқыланды.

Сондай-ақ нейропсихологиялық тестілерді тілдік және мәдени ортаға бейімдеу, «Jasaru» белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы Dual-Tasking әдісін қолдану тәжірибесі, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және телемедицинаның деменциясы бар адамдарға көмек көрсетудегі мүмкіндіктері сөз болды.

Іс-шараның маңызды бөлігі – «Деменция: Қазақстанда нені өзгерте аламыз?» атты панельдік пікірталас. Оған медицина, психология, әлеуметтік қорғау, құқық және ғылым салаларының өкілдері, сондай-ақ деменциясы бар адамдардың туыстары қатысты.

Іс-шара соңында KA&DA Қазақстанда деменциясы бар адамдарға көрсетілетін көмекті дамытуға бағытталған «5 ұсынысын» таныстырды. Ұсыныстар деменцияны ерте анықтау, пациенттерді бағыттау, отбасыларды қолдау және кешенді көмек жүйесін дамыту мәселелерін қамтиды.

Кездесу мамандар арасында кәсіби пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және Қазақстанда деменциясы бар адамдарға көрсетілетін көмекті одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

№1 қалалық клиникалық ауруханада деменция туралы хабардарлық күні өтті