Алкоголь шын мәнінде не?

Сусындардағы алкоголь туралы айтқанда, біз қанттың ашуы нәтижесінде түзілетін этанолды айтамыз. Сыраның, шараптың, коктейльдердің және күшті алкогольді ішімдіктердің құрамында дәл осы этанол болады және ол масаю күйін тудырады.
Жапсырмада көрсетілген пайыз сусынның қандай бөлігін этанол құрайтынын білдіреді. Мысалы, 5% деген белгі 100 мл сусынның құрамында шамамен 5 мл этанол бар екенін көрсетеді. Сондықтан сусынның түрі мен күштілігі ғана емес, ішілген мөлшері де маңызды.
Ағзаға түскен этанол қанға тез сіңіп, миға жетеді. Ол орталық жүйке жүйесінің жұмысын баяулатады: зейін мен өзін-өзі бақылауды төмендетеді, қимыл үйлесімділігін, есте сақтау қабілетін және реакция жылдамдығын нашарлатады. Адам сырттай мас болып көрінбесе де, оның жағдайды бағалау және шешім қабылдау қабілеті өзгеруі мүмкін.
Этанолдың басым бөлігі бауырда өңделеді. Алдымен ол улы зат – ацетальдегидке айналады, содан кейін әрі қарай ыдырайды. Бұл үдеріске ағзаға уақыт қажет: кофе, салқын душ және басқа тәсілдер алкогольді ағзадан бірден шығара алмайды.
Этанол – тәуелділік тудыруы мүмкін психобелсенді әрі улы зат. Оны тұтыну қатерлі ісіктің бірнеше түрін қоса алғанда, 200-ден астам аурумен, жарақатпен және денсаулықтың басқа да бұзылыстарымен байланысты. Қауіп тұтыну мөлшері мен жиілігіне тәуелді және олар артқан сайын жоғарылай түседі.
Сонымен алкогольді сусындардың құрамындағы алкоголь – этанол. Әр түрлі сусындардың дәмі, құрамы мен күштілігі өзгеше болғанымен, ағзаға әсер ететін зат бірдей.
Адам алкогольді неғұрлым аз тұтынса, денсаулыққа төнетін қауіп соғұрлым төмен болады.

 

Алкоголь шын мәнінде не?