Алматыда мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға бағытталған құзырет орталықтарының жұмысы жетілдіріліп жатыр

Алматыда бейінді медициналық ұйымдардың жұмысы мен пациенттерге көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасы мен қолжетімдігін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл мәселелер Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде қаралды.

Кеңесте №1 қалалық клиникалық аурухана базасында жұмыс істейтін пульмонология және аллергология бойынша құзырет орталығының қызметіне ерекше назар аударылды. Орталық қаланың пульмонологиялық және аллергологиялық қызметтерінің жұмысын бірізге келтіреді. Мамандарға әдістемелік қолдау көрсетіп, пациенттерді тиісті медициналық көмек деңгейіне бағыттауға жәрдемдеседі, сондай-ақ кадрлардың біліктілігін арттыруға және көрсетілетін көмектің сапасын бағалауға атсалысады.

2026 жылғы наурыз-тамыз аралығында пульмонология бағыты бойынша орталық мамандары 1 156 консультация өткізді. Жүгінгендердің басым бөлігін өкпенің созылмалы обструктивті ауруы бар пациенттер құрады – 69,2%. Созылмалы бронхит бойынша жүгінгендер – 19%, пневмонияға байланысты консультация алғандар – 8,5%.

Орталық мамандары қаланың стационарларына барып, сол жерде де консультация береді. Мұндай тәсіл пациенттің жағдайын дер кезінде бағалап, қажет болған жағдайда емдеу мен одан әрі бақылау жолын нақтылауға мүмкіндік береді.

Аллергология мен иммунология саласындағы медициналық көмекті жетілдіруге де басымдық беріліп отыр. 2026 жылғы наурыз-тамыз айларында осы бағыт бойынша 3 473 өтініш тіркелді. Оның 2 616-сы амбулаториялық емге жіберілсе, 857 пациент ауруханаға жатқызылды.

Жүгінушілердің арасында аллергиялық реакция, есекжем мен дерматит, сондай-ақ бронх демікпесі және анафилаксиялық реакциялар басым болды.

Құзырет орталығының жұмысы мамандандырылған көмекті қажет ететін пациенттерді дер кезінде анықтап, тиісті медициналық көмек алуына жағдай жасауға, мамандар арасындағы өзара байланысты нығайтуға және медициналық көмектің барлық кезеңіндегі сабақтастықты сақтауға бағытталған.

  

Алматыда мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға бағытталған құзырет орталықтарының жұмысы жетілдіріліп жатыр