
Бүгін Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері тыл еңбеккері Кириенко Валентин Ефимовичтің шаңырағына барып, Жеңіс күнімен құттықтады.
Соғыс жылдарындағы жанқияр еңбегі үшін құрмет көрсетіліп, Валентин Ефимовичке жеміс-жидек себеті табысталды. Сондай-ақ оған зор денсаулық, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тілеген ақжарма лебіздер жеткізілді.
Бұл буын аштықты, ауыр еңбекті, туған-туыстан айырылу қасіретін бастан өткерді. Соғыстан кейінгі жылдары елді қайта көтеруге өлшеусіз үлес қосты. Олардың қайсарлығы, төзімі мен адал еңбегі – баршамызға үлгі.
Валентин Ефимовичке өнегелі ғұмыры, елі үшін сіңірген еңбегі және жас ұрпаққа көрсеткен тағылымы үшін шынайы алғыс білдіреміз.
Аға буынға құрмет көрсету, қамқорлық таныту және олардың ерлігін ұлықтау – баршамызға ортақ парыз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

