
Халықаралық медбике күніне орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атынан сала мамандарына алғыс хаттар табысталды. Марапат иелерінің қатарында №1 қалалық клиникалық аурухананың аға медбикесі Сабира Акматова да бар.
Сабира Акматова денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР ДСМ министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Алғыс хатты салтанатты түрде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов табыстады.
Сабира Акматова медицина саласында 28 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Еңбек жолын медбике болып бастап, жылдар бойы өз ісіне адалдық пен жауапкершілік танытып келеді. Қазір №1 қалалық клиникалық аурухананың травмареабилитация бөлімшесінде аға медбике қызметін атқарады.
Әріптестері оны ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кәсіби білімі терең, науқастарға мейіріммен қарайтын тәжірибелі маман ретінде бағалайды. Ол үнемі біліктілігін арттырып, заманауи медициналық әдістерді тәжірибеде тиімді қолданады.
Ұжымда Сабира Акматова беделді, сенімді әріптес әрі жас мамандарға бағыт беретін білікті тәлімгер ретінде құрметке ие.
Сабира Асанбековнаны жоғары марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Денсаулық, бақ-береке және еңбекте толағай табыс тілейміз!


